Желтоқсан айының 29-ы күні Қалалық мәдениет сарайында «Семей қаласы Ішкі саясат бөлімінің» қолдауымен қаламызда тұңғыш рет Жоғары және Орта арнаулы оқу орындары студенттері арасында «Фристайл» би фестивалі өтеді. Басты мақсаты студенттер арасындағы бірлікті нығайту, жастардың белсенділігін арттыру, өнердің жаңа бағытттарын дамыту, мемлекеттік жастар саясатын қолдау. Фестивалға Семей мемлекеттік педагогикалық институтынан «Crazy teachers», «Up and Down», «Megadаnсers», Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінен «Альянс», Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетінен «Jekman» командалары қатысады. Би жарысына қойылған шарт бойынша, әр бір топ 15 адамнан артық болмауы керек. Сонмен қатар сайыс екі бөлімнен тұрады. Әр бөлімде белгіленген уақыттан командалар артық өнер көрсетуге шектеу қойылған.
Фестивальдің жалпы жүлде қоры 100 000 теңгеден асады. Жақсының жақсылығын айтайық, осы фестивальге арнайы қаламыздың «Beeline» және «TELE2» байланыс операторлары, «Semey-Korkem» жарнама агенттігі, «Еңлік-Кебек» кинотеатры демеушілік жасап отыр. Бұл келесі жылы қаламызда «Фристайл» би лигасының ашылуына бағытталған алғашқы шара болып табылады. 2013 жылдың басынан бастап қаламызда барлық ЖОО командалары, колледждер мен мептеп командалары және тәуелсіз командалар лигада өз өнерлерін көрсете алады.
Ұлан НҰРАХМЕТОВ
http://arnapress.kz/culture/20240