Ағымдағы жылдың қазан айының он үшінші жұлдызында, сағат 9.00-ден 15.00-ге дейін «Жастар таңдауы – салауатты Қазақстан» атты қаламыздың жастар ұйымдары арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында «Ректор кубогіне» шағын футболдан жарыс өткізілді. Семей өңірі қазақ футболының Отаны болып табылады, сонау 1913-1916 жылдар аралығында Семей қаласында «Ласточка», «Ярыш», «Орлята» мен «Олимп» атты футбол командалары құрылған болатын. Кейбір мағлұматтарға сүйенетін болсақ, футболды қазақ жеріне ағылшын саудагері әкелген деседі. Қазақтың бір туар азаматы Абайды бүкіл әлемге паш еткен Мұхтар Әуезов «Ярыш» командасының құрамында өнер көрсеткен деген деректер де бар. Сонымен қазақ футболының 100 жылдық қарсаңында осындай игі шараның өткізілуі жақсы бастама десек болады.  Іс-шараны институтымыздың Жастар ісі жөніндегі комитет ұйымдастырып отыр және әкімшілік тарапынан қолдауға ие болды. «Ректор кубогін» өткізудің басты мақсаты Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Дені сау ұлт – жалпы ұлттық міндет» стратегиялық жоспарын жүзеге асыруға ат салысу, салауатты өмір салтын насихаттау. Сонымен қатар, өскелең ұрпақты жат қылықтардан аулақ болуға тәрбиелеу және жастар ұйымдары арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту. Айта кетерлік жайт, ойын институтымыздың жаңадан ашылған ашық жасанды футбол алаңында өтті. Институтымыздың ректоры Мақтағали Әбдімәжитұлы Бектемесов спорт ойындарына ерекше көңіл бөлуде, жиналған ойыншыларға жігер мен сәттілік тіледі. «Ректор кубогі» үшін футбол ойынының хас шеберлері тоғыз команда қатысты. Олар: «Нұр Отан» ХДП-ның Семей қалалық филиалының «Жас Отан» Жастар қанаты, «Семей студенттерінің Альянсы», Жасыл ел, Семей қаласының Дебат қозғалысы, Республикалық жастардың қоғамдық бірлестігі «Қазақстан КВН Одағы» «Семей КВН» филиалы, СМПИ Жастар ісі жөніндегі комитет, «Жастар салауатты өмір салты үшін» ШҚО қоғамдық бірлестігі. Сондай-ақ арнайы шақырылған екі команда бұқаралық ақпарат құралдары және әкімшілік құрама командалары қатысты.
 Биылғы жыл қазақ спорты үшін жемісті жыл болды. Бүкіл қазақ елі қалт жібермей түрлі спорт жарыстарын тебірене сүйсіне қолдаған Лондонда өткен XXX-жазғы Олимпиада ойындарында еліміздің толағайлары 13 медальді қанжығасына байлап қайтқаны күллі елге мәлім. Мына өткізіп жатқан ойынымыз соның жалғасы десек те болады. Көрермендер ретінде футбол дегенде ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлер қауымы қатысып, ойыншыларға жігер беріп отырды. Ойын нәтижесі бойынша 4-ші орын - Бұқаралық ақпарат құралдары, 3-ші орын – Жасыл ел, 2-ші орын - СМПИ Жастар ісі жөніндегі комитет иеленді. Ал, Семей КВН командасы «Ректор кубогінің» иегерлері атанды. Сонымен қатар ең үздік шабуылшы – Торкеев Аманжол, ең үздік қақпашы Исабаев Ермек және ең үздік ойыншы Баянбаев Ержан болды. Аталмыш ойын жыл сайын өткізіліп отырмақ. Футбол деген ұлы ойын, бұл ойынды намысты биік қойғандар ғана ойнайды. Қаламыздың футбол өнерінен сусындаған жастар енді қазақ футболының кеудесін тік, абыройын асқақ ететініне сенімдіміз.
|